Кремль Қазақстанда және Орталық Азияда «Русофобия бар» деп айғай салуда!
Кремльдің мантрасы
2024 жылғы қаңтарда Қазақ үкіметі бірнеше теміржол станцияларының атауын өзгертті. 26-станция енді Жетітөбе станциясына, ал Косчеку станциясы Қосшоқы станциясына айналды. Бұл — болмашы нәрсе ғой. Әзірге «Газпром-Медиа» басшысының орынбасары және Украинаға қарсы ресейлік агрессияны қолдайтын танымал тұлға — Тина Канделаки өзінің жеке Telegram арнасында «кейбір атаулардың орысша жазылуының қазақшалануы — Қазақстаннан орыс тілінің ығыстырылып жатқанының белгісі» деп жар салды.
Қазақстанда қазақша жазылуды қолдану, Канделакидің айтуынша, «Балтық жағалауындағы тәжірибе көрсеткендей» қауіпті үрдіс болып табылады екен. Алдымен, Канделакидің айтуынша, олар «Уральск» орнына «Орал» деп жазып жүр, содан кейін орыс мектептерін жауып, Кеңес Үкіметінің ескерткіштерін алып тастап, зейнеткерлерді аязға қуып шықты. Бұл — шындықтан алыс тұжырымдар мен жауапсыз болжамдар жасауға бейім Кремльшіл жалған ақпарат машинасының алғашқы әрекеті емес.
Эмоциялармен ойнау — бұл машина үшін адамдарды нандыру тәсілі. Сондай-ақ ол әлемнің басқа бөліктерінде бұрын пайдаланып үйреніп қалған нарративтерді қолданады. Қазақстандағы, Балтық жағалауындағы және басқа елдердегі орыс тілі мен орыстарды кемсіту — бұл EUvsDisinfo дерекқорында өте жиі тіркелетін классикалық жалған ақпараттық нарратив.
Содан кейін Канделакидің жарияланымы қазақ жұртшылығының кері реакциясын тудырды. Олар орыс тілі ығыстырылып жатпағанын және халықтың елді отаршылдықтан арылтуға құқығы бар екенін баса айтты. Бұған Канделаки екінші жарияланымында жауап қайтарды. Ол тарихтан бас тарту «Аспанда қиялдап қалықтап жүргендер емес, Жер бетінде шын өмір сүріп жатқандар үшін» қауіпті әрекет екенін жазды. «Батыс елдері Қазақстанға көмекке келер ме еді?» – деп сұрады ол. Олар тіпті «Борат» фильміне тыйым салған жоқ.
Теміржол станцияларының атауын өзгерту және «Зұлым Батыс» әлемін «әшкерелеу» мүмкіндігі Лондонда Александр Литвиненконы улады деген күдікпен Британдық полиция іздеуіндегі Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасының депутаты атышулы Андрей Луговойдың назарынан тыс қалмады. 2024 жылдың наурызында эфирге шыққан бейнежазбасында Луговой мемлекеттік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен русофобия мен түрлі-түсті революцияларды қоздыратын «англо-саксондар» туралы әдеттегі нарративті қайталады. Бұл — Кремльдің көптеген жерлерде жиі қайталанатын мантрасы.
«Жеке пікірлер» деп аталатын нарративтер…
Канделаки мен Луговой сияқты, басқа да ресейлік саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ «сарапшылары» «Қазақстан аумағы — Ресей берген сыйлық» немесе «Қазақтар орыс революциясына дейін мүлдем болмаған» деген сияқты пікірлер айтудан тартынбайды.
Қазақ мемлекетінің бар екенін жоққа шығарғысы келетін мәлімдемелер тіпті сайланған билеуші партия мүшелерінің аузынан шыққан кезде де Кремль баспасөз-хатшысы ресми түрде өз басын алып қашты. Мұндай кезде Кремль оларды «Жай ғана жеке пікір білдіру» деп айта салады. Алайда, ол қатаң бақыланатын ресейлік мемлекеттік теледидарда осындай жеке пікірлерді үлкен бір мәселе етіп көрсетуден тайынбайды. Бұған жауап ретінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі олардың кейбіреулеріне, мысалы, Тина Канделакиге елге кіруге тыйым салды, қалай болғанда да бұл туралы көпшілік алдында ресми түрде мәлімдеді.
Мұндай «жеке пікір білдіру» тоқтаған жоқ және олар Қазақ аудиториясына тек интернет арқылы ғана емес, теледидар арқылы да жетіп жатыр. Қазақстанда ондаған ресейлік мемлекеттік БАҚ жұмыс істейді және олар үшін телеарналар да қолжетімді. Олар Қазақ қоғамында Мәскеудің дүниеге деген көзқарасы мен нарративтерін таратудың басымдыққа ие құралы болып табылады. Қазақстанда Ресейдің Бас мемлекеттік телеарнасы болып табылатын Бірінші Арна телеарнасының «Бірінші арнаның Орталық Азиялық редакциясын» еркін және белсенді түрде шығаратын және тарататын ірі редакциялық орталығы бар.
…Бірақ бұл «жеке пікір» ме?
«Жеке пікір» сөзін пайдалана отырып, өз басын алып қашу — шын мәнінде осы жеке пікірмен келісудің, бірақ ол үшін жауапкершілік мойнына алмаудың ыңғайлы жолы. RT/Russia Today бас редакторы — Маргарита Симоньянның 2021 жылдың қаңтарында Украинадағы Ресей/сепаратистер басып алған Донецк қаласындағы «Ресейлік Донбасс» шеруіне барып, елдің осы бөлігін Ресейдің аннексиялауын жақтағанын халық ұмытқан жоқ. Ресейдің СІМ әлемді «Симонян тек өзінің жеке пікірлерін білдірді» деп сендіруге тырысты. Бірақ бір жылдан кейін не болғанын бәрі біледі.
Батырманы басу
«Русофобия» тақырыбы Кремльшіл үгіт-насихатта қолданылатын жалғыз тақырып емес. Кремльдің тек Қазақстанға ғана емес, жалпы Орталық Азияға қатысты барлық уақытта қолданатын «классикалық түрлі-түсті гүл шоғы» бар.
Солардың бірі — «Орыс әлемін аймақтан ығыстырып жатыр» деген мәлімдеме. Кремль өзін қайта-қайта жәбірленуші ретінде көрсетіп, осыны ақпараттық кеңістікке жариялау арқылы аталмыш нарративті өрбітіп жатыр. Ол сондай-ақ аймақтағы «Батыстың шынайы мақсаты» — аймақты тұрақсыздандыру деген проекциясын қосып айтады. Бұл жоспардың нақты дәлелі бар ма деп сұрағыңыз келе ме? Егер ақпарат әлемі жылдар бойы санаға керемет құйылып келген «қастандық теориясы» тақырыбындағы әңгімелерге тынып тұрса, ешкім келтірілген дәлелге сенбейді, солай емес пе? Бұл тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатыр.
Биологиялық қаруды енгізу және білгенді істеу
Осыған ұқсас тәсіл (ешқандай дәлелі жоқ, тек қорқынышты күшейтуге арналған) Орталық Азия елдерінде салынып жатқан қауіпті биозертханалар туралы қорқынышты оқиғаны насихаттау үшін қолданылады. Егер бұған зертханалардың артында АҚШ/Вашингтон/ОББ (ЦРУ) тұр деген мәлімдемені қосса, онда бұл әңгімелерге халық сеніп қалады. Жергілікті билік зертханалардың азаматтық және денсаулық сақтау мақсатындағы рөлін атап көрсеткенін айтпай, қандай да бір жобаны теріс көрсету — бұл қорқыныш тудыру айласы.
Кремльшіл жалған ақпарат тарату машинасы өзінің жылдар бойы қоғамды шатыстыру үшін тиісті жанды жер батырмаларын басуды үйреніп алған, мысалы: «зұлым ЛГБТ күн тәртібі» немесе «режиссерлік экстремизм» батырмалары.
Өз пікіріңнің болмауы
Қазақстан мен басқа аймақтағы тәуелсіз БАҚ пен фактілерді тексеру ұйымдары Кремльшіл жалған ақпараттың ағыны туралы сұрақтар қойып, тіл мәселелерін талқылай отырып, бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатыр.
Алайда, жергілікті Кремльшіл басылымдар «Батысты» Қазақстанның ақпарат әлемін «сырттан бақыланатын журналистер» арқылы Ресейге қарсы күн тәртібін алға тартты деп айыптап, олардың іс-әрекеттеріне қарсылық білдірді. Осылайша олар Ресей Украинаға басып кірді деген сияқты баяндамаларға сенімсіздік тудырып жатыр және олар Ресейді қоршауға алып, тұрақсыздандыруға тырысатын дұшпандық «Батыс» деген классикалық жалған ақпарат жолы деген русофобиялық нарративті қыстырып қоюды ұмытпайды.
Империялық кінәсіздік
Русофобия деп тағылған айыптар мен «зұлым Батыс» туралы ескертулер Қазақстан ғалымдары — Ботакөз Қасымбекова мен Эрика Мараттың «империялық кінәсіздік» деп атаған тұжырымдамасымен жақсы үйлеседі.
«Кремльдің үгіт-насихаты мына негіздерден құралады: Ресейді Батыстың құрбаны ретінде, сонымен қатар бұрынғы Кеңес Үкіметі аумақтарында үстемдік етуге үміткер ретінде көрсету. Мұндай Орыстың империялық қиялы — орыс тілін, мәдениетін және билігін орыс емес халықтарға таңу отаршылдық емес, бұл — ұлы елдің сыйы деп нандыру».
Сонымен бірге, олар былай деп жазып жүр: «Ресейлік саяси элита бұрынғы Ресей колонияларынан орыс тілін білуді, саяси адалдықты және батыстың ықпалына қарсы тұруда бірлігінен тұратын адалдықты күтеді». Бұл туралы EUvsDisinfo сайтындағы Максим Эриставидің «Орыс отаршылдығының білдіртпей жүргізілуіне көмектескен бес миф» мақаласынан толығырақ біліңіз, ол мына жерде:
Тұншықтыратын құшақ
Кремль «Батысты» русофобия мен моральдық деградацияға ұшыраған елдер деп айыптап, өзін моральдық құндылықтардың қорғаушысы және көптеген халықтарды құшақтаушы дос ел ретінде көрсетеді. Алайда, мұндай құшақтаулар бәріне бірдей бұйыра бермейтін сияқты. Мысалы, 2021 жылы «Евровидение» байқауына қатысуға Ресейден барған үміткер, поп-әнші — Манижаның оқиғасын еске түсіріңіз. Сол кезде ол орыс әйелдерін және жалпы орыстарды қорлады деп айыпталды. Ол Ресейде тұрып, мансабын сол жерде құрып жүрген әйел еді. Алайда ол Тәжікстанда дүниеге келген.
Бүгінде тәжіктер, сондай-ақ Ресейде тұрып және жұмыс істеп жүрген Орталық Азияның басқа елдерінен келген адамдар «Крокус Сити Холға» жасалған қанға толы шабуылдан кейін осы оқиғаның зардабын шегіп, ол үшін құн төлеп жатыр. Кремль бұл оқиға үшін жауапкершілікті Украина мен «Батыстың» мойнына ілуге тырысып жатыр, ал Ресейдің барлау агенттіктері аймақтардағы Орталық Азиядан келген топтарды тұтқындап, олардың артына түсіп жатыр.
Бұл ксенофобияның ауқымды болғаны соншалық, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан үкіметтері өз азаматтарына Ресейдегі жаппай іс-шараларға қатыспауға және үйде болуға кеңес беретін мәлімдемелерді жариялауда. Орталық Азиядан келген көптеген еңбек мигранттары Ресейдің құрылыс секторында еңбектенуде, олар көбінесе қолмен қара жұмыс істейді.
Орталық Азия республикалары өз қоғамдарын дамытып, ЕО-ты қоса халықаралық қатынастарды кеңейтіп жатқанда, Мәскеу паранойя мен баяғы империализмдік сесті танытуда. Батысқа қарап үру — жай ғана Павлов рефлексі.